Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бір апта ішінде полиция қызметкерлері "ізін суытпай" бір адам өлтіру қылмысын, адам өліміне әкеп соққан үш ауыр қылмысты, 11 тонау, 218 ұрлық, сондай-ақ жеті мал және сегіз автокөлік ұрлығын ашты. Жол қауіпсіздігі басты назарда. Бір апта ішінде полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 10 мыңға жуық фактісінің жолын кесті. Оның ішінде көлік құралын мас күйде басқарудың 201 фактісі бар. Осындай жағдайлардың бірі түнгі уақытта Үштөбе қаласында болған.
Полиция қызметкерлері Toyota Marino автокөлігін тоқтатқан. Рөлде 34 жастағы мас күйдегі ер адам отырған. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Дрифт жасап, өрескел заң бұзатындар да назардан тыс қалмады. Бір апта ішінде мұндай фактілер Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталып, жолы кесілді. Елордада екі жас жүргізуші Шәмші Қалдаяқов көшесінде дрифт ұйымдастырған. Екеуі де 10 тәулікке қамауға алынды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Қостанайда дрифт жасау фактісі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Жүргізушінің жеке басы жедел түрде анықталды. Оның жыл басынан бері жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін 16 рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұл жолы сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Шымкентте 18 жастағы Mercedes-Benz жүргізушісі дрифт жасап, түнгі уақытта тыныштықты бұзған. Ол да 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 21 қыркүйектен бері республика бойынша 13 мыңнан астам заңсыз жазу мен граффити жойылды. Алты мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды. Ең ауыр төрт факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның біреуі - вандализм үшін, үшеуі - есірткі жарнамасына қатысты. Бұл ретте полицияның ұстанымы айқын: вандализмге, бөтеннің мүлкін бүлдіруге, қауіпті көлік жүргізуге және көлікті мас күйде басқаруға жол бергендер жауапкершіліктен жалтара алмайды.