Түркістан облысында Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жол және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кездесу өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға Сайрам аудандық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азамат Сарсенкулов пен 200-ге жуық мектеп мұғалімі және балабақша тәрбиешісі қатысты. Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен жазатайым жағдайлардың алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында Азамат Сарсенкулов "Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен жазатайым жағдайлардың алдын алу" тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар оқушыларды автобуспен және автокөлікпен тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шаралары, қажетті құжаттар, білім беру ұйымдарындағы жедел хабар беру жүйесінің жұмысы, бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол кедергілеріне қатысты мәселелер қаралды. Қатысушылар тарапынан аталған бағыттар бойынша бірқатар сұрақ қойылып, жауаптар берілді. Оқушыларды тасымалдайтын автобустарға қойылатын қауіпсіздік талаптары мен қажетті құжаттар туралы тиісті ақпараттың аудандық білім бөліміне ресми түрде жолданатыны түсіндірілді.