Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Форум басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті Төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатырмыз. Жалпы, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар» мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға құқықтық тұрғыдан ықпал етті.

– Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады. Ережелердің тұрақтылығына және инвестициялық қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсету сапасына айрықша мән береміз. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтық пен ортақ мүддеге арқа сүйеген озық әрі тиімді ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр. Осыған орай Президент екі елдің табысты серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарды атады. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, көлік-логистика саласына тоқталды.

– Халықаралық серіктестермен бірге темір жол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумға транзит айлақтарының өткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстарына белсенді атсалысып жатқан компаниялар қатысып отырғанын айтты. Президент болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаятынын мәлімдеді. Бұл жаһандық логистика тізбегіндегі маңызды көлік хабтарының бірі ретінде Қазақстанның позициясын күшейтеді.

– Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақтылана түсті. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба. Мультимодальді жүк тасымалын дамытуға ерекше мән береміз. Alatau Air Cargo ұлттық авиа жүк жеткізуші компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo секілді әлемнің ірі жүк әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы жолаушылар бағдары Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру бағытында алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ауқымды жұмыс серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз. Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Common History, Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Алматыда бірқатар білім және мәдениет саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Аида Балаева мәдениет және медиа саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Мультимедиа
Қала күні мен Дүниежүзілік тазалық күніне орай 50 мыңнан астам алматылық жалпықалалық сенбілікке қатысты
Президент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
Ақсайдағы 90 жылдық теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді
Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі өтеді
Алматы мектептерінде аттестат тапсыру рәсімі аяқталды: оқу жылының қорытындысы шығарылды