Астанада Қазақстанның 15 өңірі мен әлемнің 13 елінен туризм саласы өкілдерінің басын қосқан Kazakhstan Travel Forum САЯХАТ 2026 өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған халықаралық форумның алғашқы күнінде шетелдік және отандық мамандар елорданың туристік нысандарын, көлік жүйесі мен қонақүй инфрақұрылымын аралап көрді. Ал негізгі іскерлік бағдарламада туризм индустриясының өзекті мәселелері талқыланып, B2B кездесулер мен панельдік сессиялар өтеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Форумның алғашқы күні қатысушыларды елорданың туристік әлеуетімен және инфрақұрылымымен таныстыруға арналды. Қонақтар үшін қала бойынша екі экскурсиялық автобуста шолу экскурсиясы өтті. Бағыт Wyndham Garden Astana қонақүйінен басталып, «Хан Шатыр», «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік алаңы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана қаласының Бас мешіті және Қазақстан теміржолдары музейін қамтыды.

Бағдарлама барысында форум қонақтары TARLAN ASTANA-мен де жүріп, елорданың жаңа қоғамдық көлік түрімен және көлік инфрақұрылымымен танысты.
Сонымен қатар Астана қонақүйлері бойынша инфотур өтті. Қатысушылар Ibis, Rixos President Astana, The St. Regis Astana, Astana Resort және Wyndham Garden Astana қонақүйлеріне барып, олардың нөмірлік қорымен, қызмет көрсету деңгейімен және туристер мен делегацияларды қабылдау мүмкіндіктерімен танысты.
«Форумға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден туризм саласының өкілдері келіп отыр. Сондықтан алғашқы күнді елорданың туристік нысандарын, көлік жүйесін және қонақүй инфрақұрылымын таныстыруға арнадық. Қатысушылар қаланы аралап, негізгі нысандарды көріп, TARLAN ASTANA арқылы жүріп, қонақүйлердің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл Астананың туристік бағыт ретіндегі әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді», — деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС Инфрақұрылым және іс-шараларды қолдау департаментінің директоры Саят Оразтай.
Форумға Қазақстанның ірі туроператорлары мен турагенттіктері, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген туристік компаниялар, әуе компаниялары, ұлттық туристік ведомстволар, халықаралық қонақүй өкілдері, қауымдастықтар мен DMC агенттіктері қатысуда.
Kazakhstan Travel Forum САЯХАТ 2026 бағдарламасы 19 қыркүйекте де жалғасады. Үшінші күні Орталық қалалық саябақта қалалық жүгіру, туризм фестивалі, спорттық бағдарлау, балаларға арналған шаралар, гастрономиялық фестиваль және қала бойынша гастротур ұйымдастырылады.