Алматыда автотұрақ тарифін көлік жүктемесіне қарай белгілеу ұсынылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифтерін көлік жүктемесіне қарай саралау ұсынылды. Жаңа тәсіл автотұрақ орындарының қолжетімділігін арттырып, көлік қозғалысы қарқынды учаскелердегі жүктемені азайтуға бағытталған. Жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды.
Коммуналдық ақылы автотұрақтардағы қолданыстағы сағатына 100 теңге тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артты. Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бірыңғай тариф, әсіресе қаланың орталық бөлігінде, автотұрақ орындарының тиімді айналымын қамтамасыз етіп, бос орындардың қолжетімділігін сақтауға жеткіліксіз болып отыр. Соның салдарынан жүргізушілер бос орын іздеп, көлікпен қосымша жүруге мәжбүр болады. Осы мәселені шешу үшін автотұрақ тарифін аумақтағы көлік жүктемесі мен оның функционалдық ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылады.
Жоба бойынша көлік жүктемесі төмен учаскелерде сағатына 100 теңге тариф сақталады. Орташа жүктемелі аумақтарда тариф 150 теңге, ал көлік көп жүретін әрі автотұрақ орындары тапшы учаскелерде 200 теңге болады. Бұл ретте тұрғындарға арналған жеңілдік сақталады. Ақылы автотұрақ аймағында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, үйіне жақын орналасқан автотұрақты тегін пайдалана алады. Сонымен қатар пайдаланушылардың кейбір санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады. Бұл шара жергілікті тұрғындардың мүддесін ескеруге және автотұрақ кеңістігін жайлы пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба әзірлеушілерінің пікірінше, ұсынылып отырған өзгеріс автотұрақ кеңістігін неғұрлым тиімді басқаруға бағытталған. Жаңа жүйе автотұрақ орындарының айналымын арттырып, көлік көп жиналатын көшелерде тұрақтау уақытын қысқартуға және қысқа мерзімге көлік қоятын жүргізушілер үшін бос орындардың қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Жобаны іске асыру екінші қатарға көлік қою жағдайын азайтуға, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға, қала орталығындағы көлік жүктемесін төмендетуге және жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға көмектеседі деп болжанып отыр.