Атырау қаласында дәстүрлі садақ атудан өткен «Altyn Orda» әлем кубогы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған халықаралық додаға әлемнің 18 елінен 100-ге жуық мерген және Қазақстанның өңірлерінен 100-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыста спортшылар «Пута», «Қалқан» және «Жамбы» нысаналары бойынша мергендіктерін сынға салды.
Халықаралық бәсекеде Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан жоғары нәтиже көрсетіп, екі нысана бойынша топ жарды. Елордалық садақшы «Пута» нысанасында 60 метр қашықтықтан және «Қалқан» нысанасында 50 метр қашықтықтан дәлдік танытып, екі алтын медаль жеңіп алды.
Жалпы жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, барлығы 12 жүлдеге қол жеткізді.
Оның ішінде екі алтын медаль елордалық спортшы Айкөркем Батиханның еншісінде.