Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексеру аяқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен.
Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты.
Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.
Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген.
Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді.
Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Павлодар облысының және басқа да өңірлердің жұмыс берушілерін қауіптілігі жоғары жұмыстарды, оның ішінде құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде жүргізілетін жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше назар аударуға шақырады.
Жұмысшыларды қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, оларды жұмысты қауіпсіз орындау әдістеріне тиісті деңгейде оқытуға, сондай-ақ авариялық жағдай туындаған кездегі іс-қимылдарға және құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындауға ерекше көңіл бөлу қажет.
Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – жұмыс берушінің тікелей міндеті әрі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шарттарының бірі.