Шымкенттің Абай ауданында көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған жаңа жол учаскесі пайдалануға берілді. Қазиев көшесінің Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі жалғасы бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылған. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылдың ақпан айында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Корпорация Береке А» ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалған.
Жоба аясында төрт жолақты автомобиль жолы салынып, жол жиегіне ирригациялық жүйе орнатылды. Сонымен қатар қажетті жол инфрақұрылымы жасалып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жаңа жолдың іске қосылуы қаланың солтүстік бағытына шығатын көлік ағынын реттеп, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Бәйдібек би даңғылына балама бағыт қалыптастырады.
Жолдың ашылуы Ақжайық және Шымсити шағын аудандарының тұрғындары үшін де маңызды. Жаңа көлік дәлізі аталған аумақтардан қала орталығына қатынауды жеңілдетіп, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, Қазиев көшесінің жалғасы Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамытуға және қаладағы жол қозғалысын оңтайландыруға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.