Ішкі істер министрлігі елімізде есірткі өндіруді түбегейлі жоюға бағытталған мақсатты іс-шараларды жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметінің жолы кесілді. Жергілікті тұрғындар — ағайынды екі азамат ұсталды. Олар тұрғын үйдің ауласында тыйым салынған заттарды синтездеуге жабдықталған гаражда “синтетиканы” ірі көлемде өндіруді жолға қойған. Тінту барысында 10 келіден астам “альфа-PVP” психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.
Күдіктілердің әрекеттерін “Signal” мессенджеріндегі куратор үйлестіріп отырғаны анықталды. Ол есірткі өндірудің бүкіл циклін бақылап, оларға прекурсорлар салынған жасырын орындарды қалдырып отырған. Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Енді ұйымдастырушыларға тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазалау шарасы тағайындалуы мүмкін. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Прекурсорларды жеткізу арналарын, сондай-ақ есірткі бизнесін ұйымдастыруға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша одан әрі іс-шаралар жүргізілуде. Ішкі істер министрлігі Қазақстанда есірткі өндірісін жолға қоюға бағытталған кез келген әрекет қатаң әрі ымырасыз түрде тоқтатылатынын ескертеді. Полиция барлық азаматты “Заң мен тәртіпті” сақтауға шақырады.