Әлем чемпионатынан оралған елордалық гимнастарды жақындары мен жанкүйерлері әуежайдан зор құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спортшыларымыз Ақмарал Ерекешева мен №1 ұлттық құрама командамыз Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады.
Ұршықтармен орындалатын жаттығуда 29,400 ұпай жинап, 5-орынға ие болып, ТОП-5 қатарына енді. Таспамен – 8-орын, ал көпсайыс қорытындысында – 6-орын.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 266,65 ұпаймен 11-орын иеленді. Топтық жаттығулардың көпсайысында ұлттық құрама 13-орын көрсетті. Бұл – өткен чемпионаттағы 17-орынмен салыстырғанда жақсы нәтиже.
Бұл сында Қазақстан намысын №1 ұлттық құрама командамыз Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакимжанова, Мәдина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова, Айзере Кенес және Кристина Чепульская қорғады.
Ақмарал үшін бұл – ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Ал 2025 жылы юниорлар арасындағы әлем чемпионатында ол 2 алтын мен 1 күміс медаль жеңіп алған болатын.
Биылғы додаға әлемнің 73 елінен 102 спортшы қатысты.«Әлем чемпионатындағы алғашқы ересектер арасындағы жарысым мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жарыс барысында өзіме артылған жауапкершілікті сезініп, бар күшімді салуға тырыстым. Қолдау білдіріп, жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта нәтижелерімді жақсартып, Қазақстанның көк туын биіктен желбірету үшін бар күшімді саламын», – деді Ақмарал Ерекешева.