Көлік полицейлері ұшақ бортында құқық бұзған жолаушыларды жауапқа тартты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласының әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Сеул – Алматы бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген 56 жастағы шетел азаматын жауапкершілікке тартты. Сапар кезінде авиациялық қауіпсіздік талаптарын елемей, ұшақтың дәретханасында темекі шеккен жолаушы акт бойынша тәртіп сақшыларына тапсырылды. Осыған ұқсас заң бұзушылық Алматы – Шымкент бағытындағы ішкі рейсінде де тіркелді. Онда шетел азаматтары ұшу кезінде шылым шегіп, борттағы жүріс-тұрыс ережелерін бұзған. Барлық құқық бұзушы әуе кемесі бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері әуе және теміржол көлігі объектілерінде ережелерді сақтау – ең алдымен барлық жолаушыға қауіпсіздігінің кепілі екенін ескертеді. Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе және теміржол инфрақұрылымы объектілерінде 62 639 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: 4 575 дерек алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, 2 835 дерек темекі шегуге салынған тыйымды бұзу.