Астанада полиция қызметкерлері тендерлерге қатысу үшін ақша инвестициялау сылтауымен бірнеше алаяқтық дерегін жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті TikTok және Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобалар туралы жарияланымдар орналастырған. Қызығушылық танытқан азаматтармен бейнеқоңырау арқылы байланысып, олардың сеніміне кірген. Ол инвестиция салуға қатысты барлық құжат заң талаптарына сәйкес рәсімделетінін айтып, тіпті нотариалды куәландырылған келісімшарттар жасаған.
Күдікті азаматтарға салынған қаражатты қысқа мерзім ішінде қомақты пайдамен қайтаруға уәде берген. Оның сөзіне сенген адамдар ірі көлемде ақша аударған. Алайда күдікті алған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап, уәделерін орындамаған. Қазіргі уақытта алаяқтық әрекеттен зардап шеккен 11 адам анықталды. Оларға келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 35 млн теңгені құрайды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полиция азаматтарды инвестициялық ұсыныстарға қатысты барынша сақ болуға шақырады. Қысқа мерзімде жоғары әрі кепілдендірілген табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға бірден сенуге болмайды. Қаражат салмас бұрын инвестициялық жобаның заңдылығын, компанияның қызметін және ұсыныстың сенімділігін мұқият тексеру қажет. Сондай-ақ бейтаныс немесе аз таныс адамдардың үгітіне еріп, қаржылық шешім қабылдамауға және күмәнді тұлғалардың шоттарына ақша аудармауға кеңес беріледі.