Ақтауда өткен концертте 15 мың көрерменнің қауіпсіздігін полиция мен Ұлттық ұлан қамтамасыз етті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп, Ақтау қаласындағы амфитеатрда өткен ауқымды концерт барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Іс-шараға шамамен 15 мың көрермен қатысты. Полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қоғамдық тәртіп толық қамтамасыз етіліп, құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.
Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Концерт кезінде көпшілік арасында ата-анасынан адасып қалған 26 бала полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қысқа уақыт ішінде табылып, аман-есен ата-аналарына тапсырылды. Маңғыстау облысы полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан қала тұрғындары мен қонақтарына алғыс білдіреді және бұқаралық іс-шараларға барған кезде ата-аналарды балаларына мұқият қарауға шақырады.