Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы халықаралық Food Ventures және DENSO Group компаниялары өкілдерімен кездесті.
Тараптар Ақтөбе облысындағы «Green Capital Kazakhstan» серіктестігінің заманауи жылыжай кешенін кеңейту жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Жобаға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 50 млн еуроны құрайды.
«Green Capital Kazakhstan» серіктестігінің қолданыстағы жылыжай кешені 2017 жылдан бері Нидерландтың Food Ventures компаниясы мен Қазақстан-Венгрия тікелей инвестициялар қорының қатысуымен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында жылына 12 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін өндіріп, оны ішкі нарыққа өткізу және көршілес елдерге экспорттау көзделген. Қазіргі уақытта жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын жылыжай пайдалануға беріліп, 170-тен астам жұмыс орны құрылды.
Жобаның жаңа стратегиялық серіктесі – жылдық айналымы 48 млрд АҚШ долларын құрайтын жапониялық DENSO Corporation компаниясы. Компания 2023 жылы жылыжай кешендерін автоматтандыру және аграрлық өндіріс технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Certhon компаниясын сатып алды. Бұл Қазақстанда жылыжай өндірісіне арналған озық технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Ермек Кенжеханұлы шетелдік серіктестерге Қазақстандағы инвестициялық қызмет аясын кеңейту туралы шешімі үшін алғыс білдіріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін, ал жылыжай шаруашылығын дамыту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Қолданыстағы жылыжай кешенін кеңейту отандық жаңа піскен көкөніс өндірісінің көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің, микроклиматты автоматты басқарудың және энергия үнемдеудің заманауи технологияларын енгізуге, сондай-ақ ауылдық аумақтарды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру және 50 млн еуро көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр», – деді вице-министр.
Инвесторлардың айтуынша, жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Әр кезең аясында 7 гектардан жылыжай салу көзделген. Бірінші кезеңді қаржыландыру көлемі қажетті инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды құру шығындарын қоса алғанда 20–25 млн еуроны құрайды. Жаңа жылыжай кешендерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің, микроклиматты автоматты басқарудың және энергияны үнемдеудің нидерландтық және жапониялық озық технологиялары қолданылады.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі инвесторлармен бірлесіп жобаны инженерлік және энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қаржыландыру тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелерін пысықтауда.
«Аталған компаниялардың озық технологиялық шешімдерін енгізу Қазақстандағы жылыжай шаруашылығының одан әрі дамуына, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Өз тарапымыздан инвестициялық жобаны табысты іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Ермек Кенжеханұлы.