Маңғыстау облысында қара уылдырықты заңсыз сақтау дерегі анықталды, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қара уылдырықты заңсыз сақтады деген күдікпен 38 жастағы ер адамды ұстады. Жедел іс-шаралар барысында Мұнайлы ауданы аумағында жалпы салмағы 5 келіден асатын қара уылдырық салынған ыдыстар тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерімен, сондай-ақ олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.