Алматы облысының Балқаш ауданында 90 тұрғын жаңа үйдің иесі атанды. Салтанатты рәсім Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылды. Жаңа үйлер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік тұрғын үй саясаты шеңберінде салынды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба азаматтардың баспана мәселесін шешуге және халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Қоныстойын әлеуметтік осал топ өкілдері мен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар атап өтті.
Тұрғын үйлер аудан орталығы – Бақанас ауылында және Ақдала ауылында орналасқан. Жалпы Балқаш ауданында 90 үй салынса, оның 82-сі Бақанас ауылында, 8-і Ақдала ауылында бой көтерді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында жеке мердігер ұйымдарды тарту арқылы басталған.
Әрбір үй заманауи құрылыс талаптарына сай салынып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Тұрғын үйлер электр, су және газ жүйелеріне қосылған. Үш бөлмелі әр үйдің жалпы аумағы – 80 шаршы метр. Салтанатты рәсімге аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов өз сөзінде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Биыл Жеңістің 81 жылдығы атап өтілуде. Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар қасиетті мереке. Осындай мерейлі күні аудан орталығында салынған жалдамалы тұрғын үйлердің азаматтарға берілуі ерекше мәнге ие. Барша қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Еліміздегі тұрғын үй саясатын іске асыру — Мемлекет басшысы бекіткен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Балқаш ауданында жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл сайын жаңа үйлер салынып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасалуда.
Бүгін «Отбасы банк» АҚ тізіміне сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне жаңа үйлердің кілттері табысталды. Жаңа баспаналар әр отбасы үшін құт-береке мен шаттықтың, бақыт пен жайлылықтың ордасына айналсын. Мұндай әлеуметтік бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Барша қоныс иелеріне жаңа үйлерінде бейбіт өмір, молшылық және отбасылық бақыт тілеймін», – деді аудан әкімі.