Алматы облысының Кеген ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Парктер шеруі – 2026» табиғатты қорғау науқаны аясында ауқымды экологиялық шара өтті. Игі бастамаға ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен парк қызметкерлері қатысып, жалпы саны 1000-ға жуық адам айтулы шараға өз үлесін қосты. Нәтижесінде 5100 түп ағаш отырғызылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшет егілген 7 гектар аумақ толығымен қоршалған. Жергілікті жердің ауа райына бейім аққайың, қарағай, шырша, терек сияқты көшет түрлері арнайы таңдап алынған. Алдағы уақытта 2000 метрлік тамшылатып суару жүйесі тартылады. 2 жыл бойы мамандар күтіп-баптап, жіті қадағалайды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер және велосипед жолы салынып, жарық шамдары орнатылады.
– «Таза Қазақстан» акциясы негізінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен маңызды бастаманы қолға алдық. Халық болып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біркісідей атсалысты. Біздің басты мақсатымыз – елімізді көркейтіп, табиғатты аялауға баулу. Экологиялық шаралар мұнымен тоқтамайды. Биыл ауданда 15 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Акцияға қатысқан тұрғын Рақым Есімбаев: Өңірде жүн мен тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» ЖШС да бұл бастамаға өз үлесін қосуды жөн көріпті. Компания жеке қаражаты есебінен 2 гектар алқапқа 2000 түп калифорния терегін егуді жоспарлап отыр.
Осылайша, жұмыла атқарылған жұмыстың нәтижесінде Кегеннің кіре-беріс қақпасы жасыл-желекпен көмкеріліп, тұрғындар демалып, туристер тамашалайтын көрікті мекенге айналады.