Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Наурызбай ауданының Абай шағынауданында орналасқан бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тұрғындардың жер телімдерінің нысаналы мақсатын бау-бақша шаруашылығынан жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) өзгерту жөніндегі өтініші қаралды. Сондай-ақ, тұрғындар Абай шағынауданына қатысты қаланың Бас жоспарына енгізілетін түзетулер жобасы бойынша пікір білдірді. Жоба аясында бұл аумақта әлеуметтік нысандар, саябақтар, коммерциялық және тұрғын аймақтар орналастыру көзделген.
Бейбіт Шаханов Алматының қарқынды өсіп келе жатқанын айтып, 2040 жылға қарай қала халқы 3,6 миллион адамға жетуі мүмкін екенін жеткізді. Осыған байланысты тұрғындарды баспанамен, жұмыс орындарымен және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндеті өзекті бола түседі.
Оның айтуынша, қала аумағында тығыздығы төмен әрі шашыраңқы орналасқан құрылыстардың сақталуы жер ресурстарының тапшылығына алып келеді. Бұл өз кезегінде маятниктік көші-қонды күшейтіп, көше-жол желісіне түсетін жүктемені арттырады.
«Қала тау бөктері бағытында шексіз дами алмайды. Бау-бақша алқаптары мен жеке тұрғын үй құрылысы басым аумақтарды кешенді жаңғырту — Алматының орнықты дамуының негізгі шарттарының бірі. Бас жоспарда қарастырылған полиорталықты даму моделі бұрыннан қалыптасқан аудандарды жаңғыртып, экономикалық белсенділік шоғырланатын жаңа кластерлер қалыптастыруға бағытталған», — деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар ол Бас жоспарда белгіленген функционалдық аймақтар жобаларды жер учаскелері иелерімен келісім негізінде іске асыруды көздейтінін атады. Оның айтуынша, жер телімдерінің құнын анықтауда негізгі фактор олардың қазіргі нысаналы мақсаты емес, Бас жоспарда бекітілген қала құрылысы аймақтандыру қағидаттары болып табылады.