Қытайдың Shanghai Construction Group Алматыдағы инфрақұрылымдық және қалалық жобаларға қатысу аясын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы компанияның вице-президенті Сюэ Юншэн «Алматы – Шанхай» бизнес форумы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды орынға ие. Соңғы жылдары Орталық Азия бұл бастаманың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
«Бұл форум Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара ықпалдастықты тереңдетіп қана қоймай, халықтар арасындағы сенім мен достықты нығайтуға да ықпал етеді», – деді Сюэ Юншэн.
Компания өкілі Shanghai Construction Group Қазақстан аумағында бірқатар ірі жобаны жүзеге асырғанын жеткізді. Атап айтқанда, ұлттық автожолдардың жекелеген учаскелерінің құрылысы аяқталып, көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар компания «жасыл» энергетика бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның ішінде Қазақстанда қоқыс өртеу зауытын салу жобасына қатысуда.
Алматыда компания жаңа бастамаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында көрме орталығын салу және көлік жүйесін кешенді жоспарлау жобалары бар. Бұл жобалар қалалық инфрақұрылымды дамытуға, көлік жүйесін жаңғыртуға және туризм мен бизнес үшін жаңа тартымды нысандар қалыптастыруға бағытталған.
«Бұл жобалар қала ортасының сапасын арттырып қана қоймай, Алматының инвестициялық әлеуетін күшейтеді», – деді ол.
Сюэ Юншэннің айтуынша, компания алдағы уақытта да өңірдегі қатысуын кеңейте түспек. Бұл ретте, олар жобалаудан бастап нысандарды толық пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді тәжірибесіне сүйенеді.
«Біз Алматыдағы серіктестерімізбен бірлесе отырып, нақты жобаларды жүзеге асыруға және қаланың тұрақты дамуына үлес қосуға дайынбыз», – деп сөзін түйіндеді ол.