Дәрігерлер Ақтөбе облысындағы атыста зардап шеккен ер адамның жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
28 наурызда Хромтауда болған атысқа қатысты жаңа деректер белгілі болды. Медициналық мекеме мәліметінше, оқ жарақатын алған 36 жастағы ер адам әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр.
Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккен ер адам оқиға болған күні жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемеге жеткізілген.
"Бүгінде пациенттің жағдайы ауыр, гемодинамикасы тұрақты. Тексеру мен ем-домды толық көлемде алып жатыр. Әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Емдеуші дәрігерлер туыстарымен кездесіп, оларға пациенттің жағдайы туралы дер кезінде хабарлап отырады", - деді Хромтау аудандық ауруханасының басшысы Берік Жаржанов.
Зардап шеккен ер адамның жақындары қақтығысқа қатысушылардың өзара туыстық қатынасы бар екенін айтады. Сонымен қатар күдіктінің полиция қызметкері екені хабарланды.
"Олар - туыс. Оқ атқан учаскелік инспектор зардап шегушінің қайын інісі. Олардың арасында жанжал туындап, салдарынан полицей оған бірнеше рет оқ атқан. Ол табельдік қаруды қолданған", - деді ауруханаға түскен ер адамның туысы.
Бұған дейін күдіктінің бірнеше рет оқ атқаны хабарланған. Жарақат кеуде мен іш тұсына тиген. Полиция оқиғаның мән-жайын ашып айтпады, тек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.