Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір күйік шалған екі өрт сөндіруші де ауруханада жатыр.
"Амангелді Тұрлыбеков шұғыл түрде медициналық авиациямен Семейге жеткізілді. Қазір жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Денесін күйік шалған азаматтың жағдайы ауыр", – делінген хабарламада.
Ал екінші өрт сөндіруші Нұрлан Әлімжанов Жарма ауданы Шар қаласындағы ауруханада жатыр. Өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғаудың қатардағы қызметкері дәрігерлердің қатаң бақылауында. Оның қолын терамиялық күйік шалған. Айта кетейік, Жарма ауданы Бозжыра ауылдық округінде дала өртін ауыздықтау кезінде үш өрт сөндіруші зардап шеккен еді. Оттың ортасында қалып, алған күйік жарақатынан 36 жастағы Айдос Тоғызбаев қаза тапқан болатын. Оның артында жары мен бес баласы қалды.