СҚО-да полицейлер мереке күндері жолда қалған жүк көліктеріне көмек көрсетті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режимінде қызмет атқарды. Күрделі ауа райы жағдайына байланысты жолдағы ахуал ерекше бақылауда болды. Облыстың әртүрлі аумақтарында бірнеше ауыр жүк көлігінің жүргізушілеріне көмек қажет болды. 8 наурыз күні түнгі уақытта боранды желдің салдарынан көріну қашықтығы нашарлап, Жезқазған — Петропавл автожолының 954-шақырымында Volvo жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткен.
Полицейлер басқа жүк көлігінің жүргізушісінен көмек сұрап, ол Volvo көлігін жол жиегінен шығарып алды. Осы уақытта тәртіп сақшылары жолдың қарқынды бөлігінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Келесі күні шамамен 20 тонна техникалық май тасымалдап келе жатқан MAN жүк көлігінің жүргізушісіне көмек қажет болды. Челябинск — Новосибирск автожолының 628-шақырымында ол жол бойындағы дәмхананың жанында тоқтап, демалғаннан кейін орнынан қозғала алмай қалған: көліктің дөңгелектері мұз қатқан жолда айналып кеткен. Полицейлердің өтінішіне Булаево аудан орталығының тұрғыны жауап беріп, Урал жүк көлігімен келді. Қуатты техника шетелдік жүк көлігінің жолға қайта шығуына көмектесті. Полицейлер жүргізушілерге көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, сондай-ақ нашар көріну мен жолдағы көктайғақтың салдарынан туындауы мүмкін қиындықтарды ескеруді ескертеді.