Абай облысында полиция көші-қон талаптарын бұзған азаматтарды анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Абай облысында қос азаматтық фактілерінің алдын алу және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы мен аудандық бөлімшелері Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру, сондай-ақ қос азаматтық жағдайларын анықтау бойынша бақылауды күшейтті.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа қатаң түрде тыйым салынған. Бұл талап "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңының 3-бабында нақты көрсетілген. Аталған бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматына басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды. Сондықтан Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтары басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған жағдайда, заңда көзделген тәртіпті сақтау маңызды. Яғни, шетел азаматтығын алған күннен бастап 30 тәулік ішінде Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне немесе тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына жүгініп, Қазақстан азаматтығынан шығу рәсімін тіркеуі қажет. Бұл талаптарды орындау – азаматтардың құқықтық жауапкершіліктен қорғануына және заң талаптарының сақталуына мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Атап айтқанда, 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 496-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (432 500 теңге) салынады немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарып жіберу шарасы қолданылуы мүмкін. Абай облысы аумағында жыл басынан бері жүргізілген тексеру және бақылау жұмыстарының нәтижесінде қос азаматтық фактісі бойынша 3 азамат анықталды. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы үш айында Абай облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы аудандық бөлімшелермен бірлесіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы 43 өтінішті тіркеді. Осыған байланысты азаматтарға заң талаптарын сақтап, азаматтық мәселелеріне қатысты рәсімдерді уақытылы орындау қажеттілігі тағы да ескертіледі. Абай облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Имангажанов бұл мәселенің маңызына тоқталып өтті.