Алматы тұрғындары үшін 2026 жылы 15 наурызға белгіленген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты жалпыұлттық референдум жөнінде ақпарат беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Call-орталық азаматтарды референдум туралы жан-жақты ақпараттандыруға және дауыс беру үдерісіне тартуға бағытталған. 1308 қысқа нөміріне хабарласу арқылы тұрғындар өздерінің референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне енгізілген-енгізілмегенін тексеріп, сондай-ақ дауыс беру учаскесінің нөмірі мен мекенжайын нақтылай алады.
Қоңырау барысында операторлар азаматтардың құқығы мен мүмкіндіктеріне, дауыс беру тәртібіне және референдум күні учаскелердің жұмыс тәртібіне қатысты заңнамалық талаптарды түсіндіреді.
Call-орталық күн сайын, демалыссыз және үзіліссіз, сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, дауыс беру аяқталғанға дейін жұмыс істейді.
Дауыс беру учаскесі туралы ақпаратты Алматы әкімдігінің open-almaty.kz ресми сайтынан, сондай-ақ @almaty_referendum2026_bot Telegram-боты арқылы алуға болады. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет.
Еске салайық, референдум 2026 жылы 15 наурызда өтеді. Алматыда барлығы 654 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жазылған.