Нұра ауданында тағы бір балалар травматологиялық пункті ашылды. Жаңа травмпункт Хусейн бен Талал 14 мекенжайында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында жұмыс істейді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Осы уақытқа дейін елордада шұғыл травматологиялық көмегі қаланың оң жағалауында орналасқан жалғыз балалар травмпунктінде көрсетіліп, кезектің көбеюіне әкеліп соқты.«Балаларға хирургиялық көмек көрсететін жалғыз стационар – №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы. Ол – елорданың іргелес аудандарына да қызмет көрсететін балалар травмпункті бар жалғыз стационар. Бұл жағдай науқастарды жеткізу уақытын ұзартып, кезектің артуына әсер етті. Орта есеппен травмпунктке тәулігіне шамамен 300 бала жүгінеді. Сол жағалауда балалар травмпунктінің болмауы шұғыл медициналық көмекке мұқтаж балалар үшін күрделі мәселе туындатты», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау басқармасы.
«Осы мәселені шешу мақсатында Хусейн бен Талал көшесі, 14 мекенжайында орналасқан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында жаңа травматологиялық пункт ашу туралы шешім қабылданды. Жаңа пунктің ашылуы қолданыстағы бөлімшелерге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, елорданың сол жағалау тұрғындары үшін шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады», - деді басқарма басшысы Айнұр Төлеуова.
«Травмпунктке стационарлық емдеуді қажет етпейтін жарақаттармен жүгінеді. Атап айтқанда: тобық буынының зақымдануы, шыбық сүйегінің сынуы, тобық сынулары, сондай-ақ орнына салуды және бекітуді қажет ететін сынулар. Мұндай пациенттер кейін тұрғылықты жері бойынша емханаларда ем алып, оңалтудан өтеді», - деді Алексей Солод.