Астанада әлемдегі ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі – қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері елордада 384 алғашқы жұқтыру дерегі анықталған, оның 234-і (61%) зертханалық жолмен расталды. Эпидемиологиялық ахуал туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева, штаттан тыс бас балалар инфекционисі, балалар гепатологы Динагүл Баешева және штаттан тыс бас педиатр Дана Әбілғазина мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикерлердің айтуынша, алаңдататын негізгі жайт – сырқаттанушылардың басым бөлігі балалар. Расталған 234 жағдайдың 218-і немесе 93,2%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі.
Эпидемиологиялық талдау негізгі қауіп тобы – екпе алмаған балалар екенін көрсетіп отыр. Барлық науқастың шамамен 93,5%-ы (219 жағдай) вакцинацияланбаған. Оның ішінде 61,5% жағдайда (144 бала) екпеден бас тарту ата-аналардың шешіміне байланысты болған.
Сондай-ақ 26,5% науқас – вакцина жасына жетпеген балалар. Бұл санаттағы сәбилердің қорғанысы тікелей ұжымдық иммунитет деңгейіне тәуелді. Сондықтан әрбір вакцинадан бас тарту – жеке отбасының ғана емес, екпе ала алмайтын ең кішкентай балалардың да қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Мамандардың сөзінше, қызылша – жұқпалылығы өте жоғары вирустық инфекция. Науқас адаммен байланыста болған екпе алмаған адамдардың 90-95%-ы жұқтырады. Вирус ауа-тамшы жолымен жөтелгенде, түшкіргенде және тіпті сөйлесу кезінде таралады, әрі жабық ғимарат ішінде екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Ең осал топ – екпе алмаған балалар. Олардың үлесіне барлық жағдайдың 63%-ы тиесілі, бұл ұжымдық қорғаныстың болмауымен және иммунитеттің толық қалыптаспағанымен байланысты.
Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар – 14%, мектеп оқушылары – 7%, студенттер – 5%. Белсенді әлеуметтік қарым-қатынас инфекцияның таралуына әсер етеді. Ал қалған шамамен 10%-ы – екпесі жоқ немесе иммунитеті төмен ересектер.
Қызылша ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар үшін аса қауіпті. Ауру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін: пневмония, отит, қызамық энцефалиті, менингоэнцефалит және жылдардан кейін көрініс табатын панэнцефалит, ол өлімге әкелуі мүмкін.