Астанада спортты дамыту жүйелі түрде жүргізіліп, бұқаралық дене шынықтырудан бастап жоғары жетістіктерге дейінгі барлық негізгі бағытты қамтиды. Өткен жылғы басты нәтижелер туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2025 жылы елордалық спортшылар 1 400 жарысқа қатысты, оның 475-і халықаралық, 925-і республикалық деңгейде өтті. Жарыстар қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 5 мыңнан астам медаль жеңіп алды: 2 166-і – алтын, 1 804-і – күміс және 1 974-і – қола. Маңызды жетістіктер қатарында VI қысқы Спартакиадада екінші орын, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы VII Спартакиадада бірінші орын және Қазақстан Республикасының Жастар ойындарында екінші орын бар. Олимпиада ойындарына дайындық жалғасып жатыр. Елордалық спортшылар 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына лицензиялар алып үлгерді, бірқатар спортшы – жолдама алуға үміткер. Мемлекет тарапынан оларға қажетті қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіліп жатыр.«Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және спорттық резерв даярлау мақсатында елордада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 62 спорт түрінен дайындық жүргізіледі, оның 39-ы — олимпиадалық. Бұл мектептерде шамамен 9 мың бала жаттығады. Сонымен қатар 374 перспективалы спортшы ай сайын ақшалай төлем алады, бұл олардың жоғары нәтижелерге жетуіне қосымша ынталандыру болып отыр», – деді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң саланы дамытуда ашық әрі тиімді ережелерді қамтамасыз етіп, басқару сапасын арттырғанын, басшылардың жауапкершілігін және спортшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейткенін атап өтті.
Халықтың спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету мақсатында Көктал-2, Өндіріс, Үркер және Темуржолшылар тұрғын алаптарында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Аулаішілік аумақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр, биыл 60 аулада спорт және жаттығу алаңдары пайдалануға берілді.
Өткен жылы Астанада халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі 1 000-нан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Жыл ішінде 34 жеңіл атлетикалық жүгіру мен марафон, сондай-ақ 10 велошеру өтіп, оларға 56 мыңнан астам адам қатысты.«2025 жылы Астанада бірқатар ірі халықаралық және республикалық жарыс өтті. Олардың қатарында «II Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes» халықаралық жеңіл атлетика турнирі; Дэвис кубогы аясында теннистен Қазақстан мен Пәкістанның кездесуі; пара шайбалы хоккейден әлем чемпионаты (В тобы); интеллектуалдық даму ерекшелігі бар спортшылар арасындағы VIRTUS WORLD TENNIS CHAMPIONSHIP; «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық дзюдо турнирі; пара дзюдодан әлем чемпионаты; Astana Half Marathon; интеллектуалдық даму ерекшелігі бар спортшылар арасындағы VIRTUS WORLD BASKETBALL CHAMPIONSHIP; бокстан әлем кубогы; пара үстел теннисінен әлем чемпионаты; Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен алғашқы CISM әлем чемпионаты; сондай-ақ Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен халықаралық турнир бар. Іс-шаралардың бәріне спортшылар мен көрермендерді қосқанда жалпы саны 900 мыңнан аса адам қатысты. 2027 жылы Астанаға бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және ауыр атлетика түрлерінен бес әлем чемпионатын өткізу жоспсрланып отыр. Бұл қаланың халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды өткізуге дайын екендігін көрсетеді», – деді Василий Левит.