Астанада 2026 жылдың басынан бері 7 мыңнан астам адам өз қызметін ресми түрде тіркеп, өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнайы салық режимі азаматтарды көлеңкелі экономикадан шығарудың тиімді шарасы болып саналады. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кассалық аппаратсыз және салық есебін бермей заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.Бұл режимді мына санаттағы азаматтар пайдалана алады:
• жалдамалы қызметкерлерді қолданбайтындар;
• рұқсат етілген қызмет түрлері тізіміне кіретін іспен айналысатындар (такси, жеке тұрғын үйді жалға беру және т.б.; Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысы бойынша);
• ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен (1 297 500 теңге) аспайтындар;
• тек әлеуметтік төлемдерді төлейтіндер: табысының 4%-ы, ал зейнеткерлер мен студенттерден әлеуметтік төлем алынбайды.
Барлық есеп айырысу электрондық форматта «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.