Жетісу облысында профилактикалық жұмыс кабинеттері ашылуда, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Жетісу облысының барлық қалалары мен аудандарында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған профилактикалық жұмыс кабинеттері кезең-кезеңімен өз жұмысын бастайды. Аталған кабинеттердің қызметі Жетісу облысы полиция департаментінің құрылымдық бөлімшесі - профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы арқылы ұйымдастырылып, мүдделі мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырылады.
Профилактикалық жұмыс кешенді әрі нысаналы түрде жүргізілуі үшін кабинеттерге төмендегі сала мамандары тартылған: психологтар - психологиялық қолдау көрсету, дағдарыстық жағдайлармен, отбасылық жанжалдармен және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жұмыс істеу үшін; дәрігер-наркологтар — алкоголизмнің, нашақорлықтың және өзге де тәуелділіктердің алдын алу, түсіндіру және кеңес беру мақсатында; медицина қызметкерлері - алғашқы медициналық кеңес беру және азаматтарды бейінді мамандарға жолдау үшін; әлеуметтік қызметкерлер - қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтік сүйемелдеу үшін; полиция қызметкерлері - құқықтық кеңес беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіру бағытында.
Профилактикалық жұмыс кабинеттерінің негізгі міндеттері мыналар: әлеуметтік және мінез-құлықтық тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау; тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың және қайталама қылмыстың алдын алу; алкоголизмнің, нашақорлықтың және девиантты мінез-құлықтың өзге де түрлерінің алдын алу; азаматтарға кеңестік және психологиялық көмек көрсету; қоғамда құқықтық мәдениет пен жауапты мінез-құлықты қалыптастыру; халық пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайту. Профилактикалық кабинеттердің ашылуы құқық бұзушылықтың салдарымен емес, оның туындау себептерімен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін превентивті әрекет ету моделін қалыптастыруға жол ашады. Профилактика - мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осындай ашық әрі өзара сенімге негізделген әріптестік арқылы өңірде заңдылықтың, тәртіптің және қоғамдық қауіпсіздіктің орнықты жүйесі қалыптасады.