Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландырудың платформалық моделіне көшу туралы Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінде Премьер-министр орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ұлттық холдинг пен компания өкілдері қатысты. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының QazTech электрондық үкіметінің ұлттық ақпараттық-коммуникациялық платформасына міндетті түрде көшу мәселесіне басты назар аударылды.
Кесдесу барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап QazTech платформасынан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілетіні атап өтілді. Цифрландыруды дамыту бір-бірінің қызметтерін қайталамай, тиімсіз бюджеттік шығынсыз, бірыңғай архитектура шеңберінде жүзеге асырылады.
Платформалық модельге көшу мемлекеттік цифрлық сервистер мен деректерді шоғырландыруға, артық ақпараттық жүйелер санын қысқартуға, сондай-ақ цифрлық шешімдер ауқымдылығын, қауіпсіздігі және технологиялық үйлесімділігі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша оны іске асырудың нақты мерзімдері айқындалды. 7 қаңтарға дейін барлық ведомстволық ақпараттық жүйелерге қорытынды инвентаризация жүргізіледі, 9 қаңтарға дейін мемлекеттік органдар QazTech платформасына көшу бойынша жоспарларын ұсынады. Техникалық дайын ақпараттық жүйелерді көшіру 30 маусымға дейін, қалған жүйелерді көшіруді аяқтау 30 қыркүйекке дейін жоспарланған.
QazTech платформасына көшу – міндетті шарт. Оны орындаудың сапасы үшін жауапкершілік бірінші басшылар орынбасарларына, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының CDO-ларына жүктелді.
«Біздің міндетіміз – цифрлық шешімдер бытыраңқы жобалар емес, жүйе ретінде жұмыс істейтін мемлекеттің орнықты, бірыңғай және тиімді цифрлық платформасын құру», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.