Алматының 2040 жылға дейінгі жаңартылған Бас жоспарында қоғамдық көлікті дамытуға басымдық берілген. Атап айтқанда, метро желісін кеңейту, ЛРТ-ның алғашқы желісін іске қосу, БРТ жүйесін дамыту және арнайы жолақтарды енгізу көзделіп отыр. Алматы көлік және коммуникациялар колледжі директорының орынбасары Марат Жайдаровтың айтуынша, бұл өзгерістер мамандар даярлау жүйесіне де әсер етіп, құзыреттер құрылымын өзгертеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Заманауи метро және ЛРТ пойыздары, электробустар мен БРТ автобустары – бұл цифрлық басқару жүйелері, тартқыш жетектер, борттық диагностика, қауіпсіздік пен байланыс жүйелерімен жабдықталған жоғары технологиялы көліктер. Сондықтан электроника, қуатты электротехника, автоматика, бағдарламалық-аппараттық кешендер, мониторинг жүйелері мен жасанды интеллект саласында жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артады, – деді ол.
Марат Жайдаровтың айтуынша, жолаушылар тасымалының артуы қауіпсіздік мәдениетіне, жабдықты алдын ала тексеру мен диагностикалауға қойылатын талаптарды күшейтеді. Соның нәтижесінде жаңа мамандықтар мен салалық бағыттар пайда болады.
– Қоғамдық көлікті дамыту – бұл экология мен тұрғындардың жайлылығына салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті техникалық еңбек нарығын қалыптастыру, – деді спикер.
Айта кетейік, қазір Алматыда мегаполисті 2040 жылға дейін дамытуға арналған негізгі қала құрылысы құжаты – Бас жоспарға енгізілетін түзетулер бойынша қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр.