Астанада 2025 жылы 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол) абаттандырылды. Қаланы абаттандыру жұмысымен қатар ауқымды көгалдандыру да жүргізілді. Биыл қала аумағында 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Астана әкімі GreenLine жаңа жаяу жүргіншілер желекжолының жүзеге асырылу барысы туралы да айтып өтті. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады және Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін созылады. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аумақ толық аяқталды. Бұл жерде ірі ағаштар отырғызылып, тоғандар жүйесі жасалды. Желекжол аумағында ойын және спорт алаңдары, арнайы тақырыптағы аймақтар абаттандырылды.Сондай-ақ Астанада Жүргенов көшесі абаттандырылды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай Сарайшық ауданында жаңа «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Аллея аумағында балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғылары орнатылып, ағаштар отырғызылды, жергілікті суару жүйесі жүргізілді. Үйдің қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды, тақырыптық инсталляциялар орнатылды және басқа да абаттандыру элементтері жүзеге асырылды.Ал Алматы ауданында жалпы аумағы 25 000 шаршы метрді құрайтын Күйшілер аллеясына ауқымды қайта жаңғырту жүргізілді. Мұнда ойын алаңдары, жаттығу және воркаут аймақтары жасалып, орындықтар орнатылды, кешенді көгалдандыру жүргізілді, тіреу қабырғалары мен заманауи суару жүйесі орнатылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді және өзге де жұмыстар атқарылды.
Алдағы уақытта Мыңжылдық аллеясы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен дамитын болады. Бұл ретте негізгі идея – үздіксіз жасыл маршрут қалыптастыру, заманауи қоғамдық кеңістіктерді, кедергісіз ортаны, автономды дренаж жүйесін және көгалдандыруды сақтау көзделеді. Мыңжылдық аллеясы қаланың жаңа осіне айналып, негізгі аудандарды өзара байланыстырып, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, заманауи әрі экологиялық кеңістік қалыптастырады.