Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Келешек мектептері» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Түркістан облысында осы жоба арқылы 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылып, 1500 орындық мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты ғимараттың ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Жобаның құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді.Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар.Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.
скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно