Елорданың Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) ғылыми-сараптамалық тобы мен жас ғалымдар клубының Тәуелсіздік күні мен ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Ғасырлар тоғысындағы Тәуелсіз Қазақстан» атты кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, жас ғалымдар және студенттер қатысты. Тәуелсіздік күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылауға арналған іс-шараның басты мақсаты – еліміздің Тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи кезеңдеріне шолу жасау, этносаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ жастар арасында патриоттық сезімді тәрбилеу болып табылады.
Жиынға модераторлық еткен ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Тілеген Садықов Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, еліміздегі жалпыұлттық бірлікті нығайту мен сақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының үлесін атап өтті. Ол ел жетістігін, саяси-экономикалық жетістігін жиі қайталап айтып отыру қажеттігін, Қазақстанның дербес мемлекет болып әлемдік қауымдастыққа кіргенін ұлт тарихындағы үлкен асу деп көрсетті.
Сонымен қатар, халқымыздың мәңгілік құндылығы саналатын Тәуелсіздігіміз жайлы баяндалып, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдері, ұлттық бірлікті нығайту және этномәдени үдерістерді ғылыми сүйемелдеу мәселелелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, келелі ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар ғылыми-сараптамалық топтың белсенділеріне алғыс хаттар табыс етілді.