Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Травматология және ортопедия жөніндегі халықаралық ғылыми-өндірістік орталық пен елордалық Құрылыс-техникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат дуальды білім беру бағдарламасын іске қосу және отандық медициналық бұйымдар шығаратын өндірістік алаң ашуды көздейді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа өндірістік алаң колледж базасында Халықаралық ғылыми-өндірістік орталықтың қолдауымен ашылды. Бұл студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, сондай-ақ лазерлік және дәнекерлеу қондырғылары сияқты заманауи жабдықтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оқушылар оқу барысында тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын шыңдап, еңбекақы ала алады.Орталықтың бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерсен Жүнісұлының айтуынша, оқшауланған толыққанды өндіріс іске қосылып, алғашқы үш түрлі бұйым әзірленген. Олар техникалық сынақтан және сертификаттаудан өтіп, қазіргі уақытта мемлекеттік тіркеу кезеңінде тұр.
Құрылыс-техникалық колледждің директоры Серік Малгелдиновтің айтуынша, жобаның маңызы зор, себебі ол сұранысқа ие отандық өнім шығаруға мүмкіндік беріп, мамандар даярлаудың жаңа деңгейін қалыптастырады.
Жаңа өндірістік алаңда жылына травматология мен ортопедияда қолданылатын 3-5 мың медициналық бұйым шығару жоспарланып отыр.