ОКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде заманауи қант қызылшасы кластерін қалыптастыру, өндірушілерді қолдау тетіктерін кеңейту, өңдеу саласын дамыту және ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда қант қызылшасын жинау науқаны 88,1% деңгейінде аяқталды. Орташа гектар өнімділігі 483 центнерді құрап, 207 мың тонна өнім жиналды. Барлық шикізат Меркі қант зауытына өңдеуге жөнелтілуде.
Жамбыл облысында қант қызылшасы саласын қолдауға жергілікті бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр.
Өңірдің жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 458,5 млрд теңгені құрап, өсім 3,1% болды. Егіс алқаптары 640 мың гектарға дейін ұлғайып, жалпы өнім көлемі 3,3 млн тоннаға жетті.

АӨК-ті қолдауға 29,1 млрд теңге көлемінде субсидия бағытталды.
Тірідей салмақтағы ет өндірісі 2,7%, сүт өндірісі 1,6% өсті.
Өңірден 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспорттық пияз көлемі бойынша облыс елде 1-орында: сыртқа 410 мың тонна жөнелтілді.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылды – 762 бірлік техника сатып алынып, жаңару деңгейі 5,6% жетті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын қолдаудың негізгі құралдарының бірі ретінде маңызды рөл атқаруда. 2025 жылы бағдарлама аясында 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.

Президент тапсырмасына сәйкес өңірде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмысы жүргізілуде – 61,8 мың гектар жер қайта айналымға енгізілді.
Суару жүйелерін қалпына келтіру және мелиорация жұмыстары ұзақ мерзімді перспективада ауыл шаруашылығы алқаптарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Өңірде 66,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Келесі кезең – ішкі өндірістік базаны қалыптастыру. Осы мақсатта 2,8 млрд теңгеге тамшылатып суару жүйелерін шығару өндірісі іске қосылды.
Құны 10 млрд теңгені құрайтын тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл кәсіпорын жыл сайын 200 мың гектар алқапты қарқынды суару жүйелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысанды іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Бұл өндірістер өңір шаруаларының заманауи суару жүйелеріне деген жоғары сұранысын ескеріп қолға алынған.
ЕҚҚДБ және Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, ұзындығы 625 шқ болатын 322 каналды қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 37,2 млрд теңге.
2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасы салынып, 3 жұмыс істеп тұрған қойма қайта жаңғыртылады, сондай-ақ 312 канал жөнделеді.