Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында индустриялық және әлеуметтік бірқатар инфрақұрылым нысанын аралады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орал қаласында QazExpoCentre-Pipe және «Кублей» отандық кәсіпорындарын аралау барысында Премьер-министр өңірде инвестиция тарту, АӨК-те қайта өңдеуді кеңейту, сондай-ақ Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап көрсеткен міндеттер шеңберінде өндіріске цифрлық технологиялар енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, биылғы 9 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,7%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 20,8%-дық жоғары серпінге қол жеткізілді.

QazExpoCentre-Pipe алаңында Премьер-министр мұнай-газ саласына арналған сорғы-компрессорлық, қаптама және жіксіз құбырлар шығарудың технологиялық процесімен танысты. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 40 мың тонна құбыр. Оның өнімдері еліміздің, жақын және алыс шетелдердің мұнай өндіруші және сервистік компаниялары арасында сұранысқа ие.
Өндірісті цифрландыру аясында өнімдерге QR кодтарын қолдану жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта құбырларды радиожиілік арқылы сәйкестендіру технологиялары, сондай-ақ жаһандық бақылау жүйесіне интеграциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар өндірушінің мұнай мен газ өндірудің күрделі жағдайында жоғары герметикалық және технологиялық тиімділігін қамтамасыз ететін төл әзірлемелері бар.
Сондай-ақ мұнда Премьер-министрге өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. 2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша БҚО-ға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $1,1 млрд-ты құраған. Аталған көрсеткіш бойынша өңір ел ішінде Алматы мен Астанадан кейін 3-ші орында тұр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алдағы бес жылда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жаңа 73 инвестициялық жобаны іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесі азаматтардың табыс деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру мақсатын көздейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен экономиканы дамыту болуы тиіс екенін атап өтті. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылымдық даму, АӨК сияқты және тағы да басқа басым бағыттар бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізу тапсырылды.
«Кублей» ЖШС аумағында Премьер-министр ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы даму қарқынымен танысты. Кәсіпорында еліміздегі консерві өнімдерінің 65%-ын өндіретін ет өңдеу кешені мен зауыт жұмыс істейді, онда 700-ден астам жұмыс орны құрылған. Компанияның өнім ассортименті бүкіл еліміз бойынша сатылатын, сондай-ақ БАӘ, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан және тағы да басқа елдерге экспортталатын 200-ден астам тауарды қамтиды. Алдағы уақытта 20 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салып, шикізат базасын құру жоспарланып отыр.
Осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша БҚО-да ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі шамамен 6%-ға өскен. Ет бағытындағы ірі қара мал басы бойынша өңір елімізде 1-ші орында тұр. 45,6 мың басқа арналған 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Олжас Бектенов ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, АӨК-те терең өңдеуді қарқынды дамыту қажеттігіне назар аударды.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, көктемгі егін егу және күзгі егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру биыл 1 трлн теңгеге дейін жеткізілді.
Салалық министрліктерге Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп өңірдің әлеуетін ашу, әсіресе ауыл шаруашылығы кооперациясын және өнімді қайта өңдеу мен өткізудің жаңа тізбектерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Жұмыс сапары аясында Премьер-министр осы жылдың 11-12 қарашасында Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев Президент тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» компаниясы салған «Жайық арена» жаңа спорт-сауықтыру кешенін мысалға келтіре отырып, өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы туралы баяндады. Бұқаралық спорт түрлеріне тартылған азаматтар санын арттыру үшін облыста 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін қоса алғанда, 1500-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Жаңа спорт кешендерін, бассейндер мен алаңдарды салуға жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірде пилоттық режимде Qadam.AI жүйесін енгізу жұмыстары басталды, бұл – Қазақстанда спортты басқарудың алғашқы мультиплатформалы цифрлық экожүйесі. Жоба қаржы бөлуден бастап спортшылардың жеке нәтижелеріне дейінгі үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған.