"Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ҚР Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі заттарын тәркіледі, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел ақпаратты іске асыру барысында Алматы – Екатеринбург автожолының 343-шақырымында 40 жастағы ер адамның басқаруындағы Toyota RAV4 автокөлігі тоқтатылған. Арнайы операция кезінде қызметтік ит Тэя көліктен есірткі затының иісін анықтаған. Көлікті тексеру кезінде жүксалғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қап табылды.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың кептірілген марихуана екенін көрсетті. Жалпы салмағы — 38 келі 125 грамм. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұстау шарасы облыстық прокуратура өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі заттарын заңсыз сақтау және тасымалдау ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар өңірде күшейтілген тәртіпте жалғасуда.