Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Біріңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – оқушыларды шығармашылық, спорттық және білім беру бағытындағы тегін үйірмелер мен секциялармен кеңінен қамту.
Қаржыландыру «бір балаға – бір ваучер» қағидаты бойынша беріледі. Мұндай тетік барлық оқушылар үшін тең мүмкіндік жасап, ашықтықты қамтамасыз етеді және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермейді.
Айта кету керек, бұл жоба Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.