Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексі туралы шартқа түзетулерді ратификациялады. Онда қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден сатып алатын тауарларға міндетті баж салығын енгізу қарастырылған, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Түзетулер шартқа мынадай заңнамалық өзгерістерді енгізуді көздейді:
- онлайн сатып алынған тауарларды кеден арқылы өткізу тәртібі енгізіледі;
- мұндай тауарларды рәсімдеу, декларациялау, сақтау және шығарудың ережелері белгіленеді;
- кедендік төлемдерді төлеу тәртібі анықталады.
Құжатта "электрондық сауда операторы" және "электрондық саудада сатып алынған тауарлар" ұғымдары бекітілген. Енді, әзірлеушілердің айтуынша, мұндай тауарларды электронды кедендік декларацияны пайдаланып, жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге болады.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Сенат кулуарында қазіргі заңнамаға сәйкес құны 200 еуродан (2025 жылы – 127 336 теңге) аспайтын және салмағы 31 келіден төмен тауарларға баж салығы салынбайтынын түсіндірді.
Оның айтуынша, түзетулер интернет арқылы сатып алынған және кеденнен өтетін барлық тауарларға міндетті декларациялауды енгізеді.
"Яғни адам келеді де, өзі тауарды декларациялауы тиіс немесе оператор – "Қазпошта" немесе DHL, басқа да кез келген компания бұл тауарды тұтынушы үшін декларациялап бере алады. Егер декларацияны компания толтырса, ол қызметтің құны 4-5 мың теңге болады. Сәйкесінше, тауардың бағасы осы сомаға қымбаттайды", – деді вице-министр.
Салық салу жүйесі де өзгереді: егер қазір жиынтық төлем 15 пайызды құраса, енді баж салығы 5 пайыз, оған қоса 12 пайыз ҚҚС (келесі жылдан бастап 16 пайыз – еск.) болады.
"5 плюс 12 – бұл 17 пайыз. Яғни 15-тен 2 пайызға қымбаттайды. Ал декларацияны толтыру құны – ол адамның өзіне байланысты. Егер мүмкіндігің болса – өзің толтыра бер, декларация өте қарапайым", – деп қосты Әмрин.
Протоколды Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения қазірдің өзінде ратификациялаған. Ол ЕАЭО-ға мүше барлық елдер ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.