Елорданың Нұра ауданында Астана қаласы Экология департаментінің ұйымдастыруымен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмысы жүргізіліп, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шара барысында Нұра ауданы аумағын тазарту жұмысының барысы көрсетілді. Нұра ауданы әкімдігінің Инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Бақдәулет Орынбасардың айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағынан 70 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, 100 мың тонна құрылыс қалдықтары шығарылды.
«Нұра ауданы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі. Тексеру жұмысы ай сайын жүзеге асырылады. Көбінесе қоқыс үйінділері Хусейн бен Талал, Әйтеке би көшелері мен Қорғалжын шоссесі бойында анықталады. Олардың пайда болуының негізгі себептері – тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығару фактілері», – дейді ол.
«Қоқыс жиі жиналатын аумақтарға 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ «ҚазТелеком» тарапынан дрондар пайдаланылуда. Бұған қоса тұрғындардың өтініштері мен «iKomek 109» орталығының хабарламалары да назарға алынады. Анықталған аумақтарда тазалау жүргізілгеннен кейін олардың қайта қоқыс алаңына айналмауы үшін түсіндіру жүргізіледі. Сондай-ақ бейнебақылау орнату және учаскелердің мақсатты пайдалануын бақылау мәселелері қарастырылады», – дейді бас маман. Бақдәулет Орынбасардың сөзінше, аудан әкімдігі тарапынан рұқсат етілмеген қоқыстарды жою сапасына бақылау жасауға ерекше назар аударылады. «Жыл басынан бері экологиялық полиция тарапынан 32 ұйымға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылады. Бұл мәселе тұрақты түрде әкімдіктің бақылауында», – дейді Бақдәулет Орынбасар.
Бүгінгі іс-шара елордадағы ластану мәселесіне қарсы қабылданған шаралардың нәтижелілігін саралап, қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Алдағы уақытта мұндай баспасөз турлары қаланың басқа да аудандарында өткізу жоспарланған.
скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно