Биыл облыс бойынша 11000-нан аса оқушы бірінші сынып табалдырығын аттап отыр. Балалар алғашқы өмір дәрісін алып, дұрыс-бұрысын ажыратуға бейімделетін орын мектеп қабырғасы екені барлығымызға мәлім. Оқушыларға тиісті деңгейдегі білім беру үшін облысымызда биыл 8 мектеп құрылысы басталды. Осы орайда оқу жылының алғашқы күні өңіріміздің оқушылары үшін "Fizmat Primary Schools" желілік мектебі есігін ашты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Республикалық физика-математика мектебі" КеАҚ Оралда алғашқы "Fizmat Primary Schools" желілік мектебін ашты. Мектеп РФММ-де әзірленген және сингапурлық математика, робототехника, steam форматындағы өнер және Scratch тілінде блоктық бағдарламалау элементтерін қамтитын Fizmat Primary авторлық бағдарламасын пайдаланады. Primary school форматы бастауыш сынып оқушыларын, яғни 1-6 сынып оқушыларын жоғары сынып оқушыларынан бөлек оқыту мен тәрбиелеуге шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Мектептің ашылу салатанатына БҚО әкімі Ғали Нәжмеденұлы қатысып, аталмыш мектептің облыс дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Негізгі пәндерден басқа, мектепте балалар дебатқа, олимпиадаға, шахматқа және шығармашылық үйірмелерге қатыса алады. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша мектепке 1-ші және 2-ші сыныптарға 65 оқушы қабылданды. Байқауға барлығы 358 үміткер қатысқан.
Мектептің ашылуына "РФММ" КеАҚ басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов арнайы ұшып келді. 2020 жылы қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, компания акционерлерінің өңірді қолдағандарының нәтижесінде Оралда тарихы өте бай және оқытудың жеке мамандандырылған әдістемесі бар ерекше мектеп ашылып отыр. Бөкей-Ордалық А.Д. Тайманов – РФММ негізін қалаушыларының бірі, физика-математика ғылымдарының докторы, академик, соғыс ардагері, біздің жерлесіміз. 50 жылдық тарихы бар РФММ 8000-ға жуық түлек шығарған және олар Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де аса танымалдылыққа ие. Түлектердің арасында көптеген танымал бизнесмендер мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Азамат Керейбаев, Fizmat Primary Uralsk директоры:
"Біздің мектеп РФММ отбасының ажырамас бөлігі болып табылады. Уақыт өте келе Оралда Fizmat Primary бастауыш мектепте STEAM пәндерін оқытудағы инновациялар мен трендтердің орталығына айналады. Бізде барлық пәндер бойынша өте жақсы педагогикалық құрам бар – бұл 30 жылдық тәжірибесі бар тәжірибелі педагогтар және шетелде оқыған жас мұғалімдер. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, бірақ іс жүзінде – үш тілде, себебі ағылшын тілі біздің мектепте маңызды рөл атқарады".
Орал қаласы