Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруды жалғастыруда, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Маусым айынан бері ел аумағында «Қарасора-2025» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – есірткі өсімдіктерінің табиғи ошақтары мен заңсыз егістерін жою, есірткі зертханалары мен жеткізу арналарының жұмысын тоқтату және есірткі таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау.
Операцияға ІІМ арнайы бөлімшелері мен Ұлттық ұланның күштері тартылған. Жұмыс барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар белсенді пайдаланылуда. Үш ай ішінде 40 әуе рейсі жасалып, нәтижесінде 20 заңсыз егістік табылды, 5 мыңнан астам есірткі өсімдігі жойылып, 1 тоннадан астамы тәркіленді.
Ұлытау облысында оңтүстіктен орталық пен солтүстікке жеткізу арнасы әшкереленіп, құрамында төрт адам бар қылмыстық топ ұсталды. Олардан жол талғамайтын көлік, оқ-дәрілері бар қару-жарақ және 103 келі марихуана алынды. Жамбыл облысында марихуананы дайындап, сатпақ болған екі азамат қолға түсіп, олардан 206 келіден астам есірткі тәркіленді. Батыс Қазақстанда жеке тұрғын үй аумағынан жылыжайда өсірілген 47 түп, жалпы салмағы 135 келі қарасора табылды. Түркістан облысының таулы аймақтарында жүргізілген арнайы шара барысында үш азамат ұсталып, олардан қару-жарақпен бірге 650 келіден астам қарасора және 48 келі көкнәр алынды. Сондай-ақ Жезқазған мен Сәтбаевта заңды тауар ретінде бүркемеленген есірткі тасымалы әшкереленіп, 43 тоннадан астам көкнәр тәркіленді.
Үш айлық қорытынды бойынша:
677 есірткі қылмысы анықталды, соның ішінде 242 – сату, 220 – заңсыз егіс;
2 тонна марихуана, 47 келі гашиш, 3 тонна қарасора, 155 келі синтетикалық есірткі және 8,5 тонна прекурсор тәркіленді;
27 мыңнан астам есірткі өсімдігі жойылды;
9 есірткі зертханасы жабылып, 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың (оның ішінде бір трансұлттық топтың) қызметі тоқтатылды.
ІІМ мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл кешенді әрі жүйелі түрде жалғасады.