26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Ішкі істер министрлігі елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысын ұсынды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Брифинг барысында ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда есірткіге қатысты 1 445 қылмыс тіркеліп, олардың 991-і сату фактісі ретінде анықталған. Сонымен қатар аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 165 дерек тіркелген. Заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 476 кг синтетикалық есірткі бар. 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Маусым айында басталған "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы да өз нәтижесін беруде. Бұл операция маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін жүргізіледі. Биыл "Қарасора" операциясы аясында 299 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 168-і қылмыс. Заңсыз айналымнан 1 тонна 788 кг есірткі, 6 тонна прекурсор тәркіленіп, 7 155 түп қарасора жойылды. Барлығы 272 адам ұсталды.
Одан бөлек, Абай, Павлодар және Жамбыл облыстарында үш ірі ішкі есірткі арнасы жойылды.
Бұл шаралар Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.