Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, елімізде медицина инфрақұрылымы біртіндеп жаңартылып келеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 115 нысан іске қосылмақ. Қалаларда да ірі жобалар жүзеге асуда: Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.
Тоқаев көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кедергілерге іліктірмей, азаматтардың игілігіне беруді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңа медициналық нысандар салуға жеке инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.
Президент фармацевтика өнеркәсібін дамыту қажеттігін де баса айтты. Оның пікірінше, отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру – стратегиялық міндет, әсіресе пандемия тәжірибесі мұны айқын көрсетті.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына назар аударылып, медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісін жетілдіру қажеттігі айтылды. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке жасанды интеллект технологиясына негізделген жаңа мониторинг жүйесін қалыптастыруды тапсырды.
«Дәрігерлердің мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары жалғасын табады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.