Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы Қала Жарық» коммуналдық кәсіпорнында болып, қала көшелерін 100% жарықтандыру жоспарын талқылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоспар бойынша қалаға 15 мыңнан астам жарық шамы мен 5,6 мың торшерлі шам орнатылып, 1189 бұрын жарығы жоқ учаскеге жаңа сыртқы жарық желілері жүргізілетін болады.Жарық сапасын арттыру үшін 800 басқару шкафы жаңартылып, 70 шақырым желі модернизацияланады және 5,6 мың шам ауыстырылады.Жыл соңына дейін қаладағы 70 ғимаратқа сәулеттік жарықтандыру орнатылып, көшелер мен скверлердегі ағаштар жарықтандырылады, бұл қаланың түнгі көркін әсемдей түседі.Қала басшысы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағын аралап, онда жолдар мен алаңдарды жарықтандыру үшін 250-ден астам заманауи торшерлі шам орнатылғанын көрді. Сонымен қатар, Достық даңғылын (Абай даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейінгі аралығын) абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қолайлы жаяу жүргіншілер аймақтары мен тартымды кеңістік жасалуда. Әкім жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.