Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңеске Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.

– Бұл технология әлемдегі барлық елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Осы стратегиялық бағытта табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл жұмысқа мен ең маңызды басымдықтың бірі ретінде қараймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл, әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бәсеке күшейді.

– Биыл шілде айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың Әкімшілігі «America’s AI Action Plan» стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Мамандарымыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зерделеп, нақты қорытынды жасауы керек. Ал Қытай Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Қытайдың мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет. Бұл – еліміздің мүддесі. Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек. Әр мәселеге жүйелі түрде қарап, батыл шешімдер қабылдап, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, ЖИ – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі.

– Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау арқылы еңбек нарығындағы трансформацияны басқаруға назар аударған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды.

– Бірінші. Жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажет. Бұл – күрделі, бірақ өмірлік маңызы бар міндет. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін, ең алдымен, ірі кәсіпорындармен ықпалдастықты жолға қойған жөн. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – анық нәрсе.

– Қазір ChatGPT қағидатымен жұмыс істейтін кейбір жобалар енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер азаматтардың өтініштеріне жауап беруге септігін тигізуде. Дегенмен мұны алдағы үлкен жұмыстың алғашқы қадамы ғана деуге болады. Озық технологияның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Яғни құжаттар электронды түрде беріледі, өңделеді, бірақ рәсімдеудің өзі мемлекеттік қызметшінің араласуын талап етеді. Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі бюрократияны цифрлық форматқа көшіру ғана. Бұдан тиімділік еш артқан жоқ. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өзгертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек. Ал одан босаған ресурстарды басқа да күрделі әрі пайдалы жұмыстарға жұмсауға болады. Сондықтан Үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйесінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.

– Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады. Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.

– Еуропа Одағы, АҚШ, Қытай және Канада қауіп-қатерлер мен ықтимал мүмкіндіктерді ескере отырып, саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісті. Қазақстан да өзінің нормативтік базасын қалыптастыруға тиіс. Осы орайда, озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуға тиіс. Жалпы, жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау – шұғыл міндет. Оны орындауға Үкімет баса мән беруі керек. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн. Яғни инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.

– Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмайды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурстары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек. Сонымен қатар шашыраңқы мемлекеттік ақпарат жүйелерін ретке келтіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені біртұтас платформаға көшіруді тапсырды.

– Мұндай тәсіл түпкілікті интеграцияны, архитектуралық үйлесімділікті қамтамасыз етіп, артық шығынды болдырмайды және толыққанды деректер массивін қалыптастырады. Биыл шілде айында QazTech ұлттық цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол бүкіл цифрлық әзірленім процестерін орталықтандырып, оларды енгізу уақытын қысқартады. Платформаны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі. Әрбір жағдай бойынша шешімді Цифрландыру жөніндегі комиссия қабылдауға тиіс. Үкімет 2026 жылы бірінші тоқсанның соңына дейін QazTech платформасының толық ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процедурасын аяқтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.

– Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз. Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді, – деді Президент.


Одан әрі Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.

– Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады.

– Қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұны елімізде жүргізіліп жатқан цифрлық бетбұрыстың негізгі шарты десек болады.

– Біз қазірдің өзінде «AI-Sana» оқыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жобаның мақсаты – студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдысын жетілдіру. Бұл бағдарламаның ауқымын барынша кеңейте түскен абзал. Ұстаздар мен оқушылардың жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – тиісті министрліктің алдында тұрған маңызды міндет, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы инвестиция мен дарын иелеріне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.

– Өткен жылы жасанды интеллект саласындағы стартаптарға дүние жүзі бойынша 100 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Бұл – әлемдегі венчурлық қаражаттың үштен бір бөлігінен асып түседі. 2023 жылмен салыстырғанда ЖИ жобаларын қаржыландыру шамамен 80 пайызға артты. Осылайша жасанды интеллект саласындағы таланттар мен идеяларға бәсеке күрт өсті. Бүгінде негізгі инвестиция ағынын АҚШ, Еуропа Одағы елдері және Қытай қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл қаржы қалыптасқан экожүйе бар жерге бағытталады. Яғни инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қолдауға, нарықты реттеуге және дамытуға жұмсалады. Ақша жағдай жасалған жерге келеді. Бір ай бұрын мен ЖИ саласындағы бірқатар қазақстандық стартаппен таныстым. Олардың кейбірі әлемдік деңгейге шыға алады. Дарынды жастарымыздың бар екені қуантады. Олардың біразы шетелде жұмыс істесе де, отаншылдық сезімін жоғалтпаған. Мемлекет мұндай талант иелерін қолдауға міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке отандық стартаптардың экспортқа шығуына қолдау көрсету үшін кешенді шаралар әзірлеу, сондай-ақ «цифрлық елшілер» институтын қайта қарау міндетін жүктеді.

– Біздің міндетіміз – қарым-қабілеті жоғары жастарға қолайлы инновациялық экожүйе қалыптастыру. Жалпы айтқанда, оларға барлық жағдайды жасау, қол ұшын беру. Сондай-ақ тың бастамаларды жедел жүзеге асыруға ықпал ететін құрылымдар мен зерттеу орталықтарын ашу керек. Цифрлық технология саласындағы халықаралық байланыстарды нығайта түскен жөн. Сонда ғана Қазақстан Еуразияның цифрлық хабы ретінде танылмақ. Жасанды интеллектіні дамыту – еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Бұл міндет Қазақстанның болашағымен тікелей байланысты. Еліміз міндетті түрде озық, дамыған болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бүгінгі жиында бірқатар маңызды міндеттерді айқындадық. Барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа жеке сектор өкілдерін де қосу керек. Себебі, бұл – жалпыұлттық мақсат. Цифрлық даму министрлігі басты үйлестіруші орган ретінде өзара байланысты қамтамасыз етуге тиіс. Уақыт өте тығыз, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Жасанды интеллектіге қатысты негізгі шешімдер мен ұсыныстарды екі айдың ішінде дайындап, маған көрсету қажет, – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Сонымен қатар талқылауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасарлары Ермек Көшербаев пен Қанат Бозымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты. 



скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Мультимедиа
«Ұлы дала қолөнершілер керуен көші»: ұлттық құндылық пен креатив тоғысы
Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты
Елордада бірлік пен руханиятты ұлықтаған «Әз-Наурыз» мерекесі өтті