6 тамыз күні Алматы қаласындағы «Жібек жолы» базарында заңсыз салынған сауда нүктелерін сүру аясында баспасөз туры өтті. Іс-шараға Алатау мен Бостандық аудандарының Қала құрылысын бақылау басқармасы, Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы, сондай-ақ базар әкімшілігінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Басты назарда — заңдастырылмаған, уақытша қойылған құрылымдарды бұзу мәселесі. Бұл шешім 2023 жылы жүргізілген жоспардан тыс тексеру және кейінгі сот процестерінің негізінде көтеріліп отыр.
Баспасөз туры барысында мамандар заңсыз салынған құрылымдардың бұзылуының заңдық негіздерін түсіндіріп, базар аумағын жаңғырту және заңдастыру жұмыстары туралы нақты жоспарлармен бөлісті.
Алатау ауданы бойынша Қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Әлібек Ерланұлы түсіндіргендей:
2023 жылдың мамырында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 30-дан астам заңсыз құрылыс анықталды. Кәсіпкерлерге ескерту жасалып, нұсқамалар берілді. Алайда талаптар орындалмаған соң, сот шешімімен бұзу шаралары қабылданды. Бұл – тәртіп орнатуға бағытталған қажетті қадам.
Сонымен қатар, «Жібек жолы» базарының директоры Құлмаханбет Азамат қауесеттерге нақты жауап берді:
- Бүкіл базар сүріледі деген сөз шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде, бұзуға жататын нысандар – заңдастырылмаған, уақытша құрылыстар ғана. Біз қазірдің өзінде кәсіпкерлермен бірге заңдастыру жұмыстарын жүргізуге талпынып жатырмыз. Ең бастысы – ешкім жұмыссыз қалмауы тиіс, - дейді басшы.
Оның айтуынша, базарды толық модернизациялау жұмыстарына шамамен бір жылдан астам уақыт қажет. Бұл кезеңде:
жаңа жабдықтар орнатылады;
өрт қауіпсіздігі жүйелері жетілдіріледі;
су, санитарлық тораптар, көтергіш сынды инфрақұрылым элементтері енгізіледі;
заңға сай сауда жүргізуге барлық жағдай жасалады.
“Жібек жолы” базарын толықтай модернизациялау бойынша жоба эскизі дайын. Қазіргі таңда базардың 80%-ы – жабық павильондар болса, олардың әрбірі өрт дабылы жүйесімен қамтылған.

- Біз кәсіпкерлердің жағындамыз. Базар дамып, заң талаптарына сай қызмет етсе – бәріміз ұтамыз. Бұл – кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де тиімді орта қалыптастыру жолындағы нақты қадам, – деп түйіндеді Құлмаханбет Азамат.
Іс-шара барысында сөз алған Серіхан Ермахан, автоэлектрик, кәсіпкер, 10 жылдан астам осы базарда жұмыс істеп келе жатқанын айтты:
- Жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаймыз. Бірақ бүгінгі кездесуде айтылған жоспарларға сенім білдіреміз. Бастысы — әділдік пен қолдау бар екені көрініп тұр. Біз де заңды түрде жұмыс істегіміз келеді, - дейді кәсіпкер.
Бұл баспасөз туры — заңсыздықты жою ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлермен ашық диалог орнату, түсіністікке келу және жаңа сапалы нарықтық орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Мемлекет те, базар әкімшілігі де кәсіпкерлермен бірге болуға дайын екендігін көрсетті. Ендігі бұл өзгерістер жаңарудың, әділдіктің және тұрақты дамудың бастамасы болмақ деп сенеміз.