Алматы қаласы Түрксіб ауданының полицейлері қала аумағындағы түрлі нысандарға тыйым салынған заттарға қатысты жарнама жазбаларын жазған 26 жастағы ер адамды ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және басқа да көрінетін жерлерге есірткі жарнамаларын салған. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 27 жастағы азамат бұл әрекеттерді интернет арқылы тапсырыспен жасаған және алдын ала деректерге сәйкес, әр жазба үшін ақы алып отырған. Оны жергілікті полиция қызметкерлері вандализм әрекетін іске асырып жатқан кезде ұстады.
- Ұсталған азаматтан бояуы бар баллондар, трафареттер мен заңсыз әрекетін растайтын хат алмасулары бар телефон тәркіленді. Аталған дерекке сәйкес ҚР ҚК-нің 299-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап нақты бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Іс материалдары сотқа жолданатын болады, – деді Түрксіб аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Дәулет Сейтқұлов.
Полиция мұндай әрекеттердің қызығушылық не болмаса көше граффитиге жатпайтынын ерекше атап өтті.
- Есірткі жарнамаларын жазу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін әр азамат түсінуі керек. Бұл жай ғана қабырғадағы сурет емес, бұл – тыйым салынған заттардың таралуына көмектесу, яғни Заң алдында жауап беруге тура келеді. Біз мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз және тұрғындарды сақ болуға шақырамыз. Егер сіз осындай деректердің куәсі болсаңыз, дереу полицияға хабар беріңіз. Қаламызды есірткі қауіпінен тек бірлескен күшпен ғана қорғай аламыз, – деді, Дәулет Сейтқұлов.