Облыс орталығына ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова арнайы жұмыс сапарымен келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Зүлфия Сүлейменованы қарсы алып, өңірдегі экологиялық бастамалар мен ғылыми жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Президент кеңесшісі университет жанындағы Ботаникалық бақты аралап, ғылыми құрылым жетекшілері мен бақ қызметкерлерімен пікір алмасты. Университеттің ректор өкілі міндетін атқарушы Нажи Генч атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жер көлемі 88 гектар аумақты құрайды. Мұнда 127-ден астам өсімдік түрі бапталады. Сондай-ақ өңір климатына бейімделген коллекция қалыптасқан. Сирек кездесетін ағаш-бұталар мен дәрілік өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері зерттеліп, интродукциялық және экологиялық бағытта ғылыми ізденістер жүргізіледі.Сапар барысында Президент кеңесшісі мен облыс әкімінің орынбасары баққа көшет отырғызып, естелік тақтайша орнатты.

– Президентіміз Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында биологиялық ресурстарды сақтау мәселесіне аса мән берген болатын. Тіпті, халықаралық биоәртүрлілікті сақтау қорын құруды да ұсынды. Қазір біз осы бастаманы ұйымдастыру жұмыстарымен айналысудамыз. Осы мақсатта еліміздегі ботаникалық бақтарды аралап, жұмыстарымен таныстым. Бүгін Түркістан облысына келудегі басты мақсатым – Қожа Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағының жұмысымен танысу, ғылыми жобалар туралы ақпарат алу, сондай-ақ, бақтың оқу үдерісімен байланысын білу еді. «Университетте «Ғылыми биология» мамандығы оқытылады екен, бұл – өте қуантарлық жағдай. Жастарды ғылым жолына тарту үшін дәл осындай бағыттарды дамыту қажет, – деді Зүлфия Сүлейменова.
Оның айтуынша, қазір республикалық деңгейде 6 ботаникалық бақ бар. Ал Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағы – өңірлік деңгейде ықпалы жоғары әрі университет жанынан ашылған жалғыз бақ. Аумағы ауқымды, әлеуеті де зор. Президент кеңесшісі бұл тәжірибені басқа жоғары оқу орындарына енгізу мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті.
Кездесу соңында ҚР Президентінің кеңесшісі Ботаникалық бақтың ғылыми және экологиялық маңызын жоғары бағалап, университет ұжымының жұмыстарын оң бағалады.